1915 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келді.
Ғылыми дәрежесі: тарих ғылымдарының докторы
Білімі: 1937 жылы Воронеж педагогикалық институтын бітірді.
Бекмаханов қазақстандық тарихнамада көрнекті орын алады, ол – қазақтар арасынан шыққан тұңғыш тарих ғылымдарының докторы, республикадағы бірінші Қазақстан тарихының кафедрасының негізін қалаушы, профессор, Қазақ КСР ҒА-ның корреспондент-мүшесі. Өзінің қысқа ғұмырында (1915-1966) өзінің дарындылығының, таусылмайтын жігерлігінің және туған халқының тарихына деген үлкен махаббатының арқасында, ол тарихи ғылымға салмақты үлес енгізе алды.
Ермұхан Бекмаханов 1915 жылдың 14 ақпанында Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Жасыбай көлінің жағасындағы Төре ауылында дүниеге келген. 1925-1931 жылдар аралығында Баянауылдағы мектепте оқиды.
1937 жылы Ресейдің Воронеж қаласындағы педагогикалық институтын бітіргеннен кейін Қазақ КСР халық ағарту комиссариатының жанындағы ғылыми зерттеу институтында еңбек еткен. Отан соғысы жылдарында Республиканың халық ағарту комиссариатының басқарма бастығы болған. Сонымен қатар Алматының жоғарғы оқу орындарында ұстаздық қызмет атқарған.
1946-1947 жылдарда Қазақ КСР Ғылым академиясында жаңадан құрылған Тарих, археология және этнография институты директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, 1947 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін, яғни 1966 жылғы мамырдың алтысына дейін Қазақ мемлекеттік университетінде өзі ұйымдастырған Қазақстан тарихы кафедрасын басқарды.
Е.Бекмахановтың ғылыми мұрасы оның тақырыптарының алуан түрлі болуымен, тарихи мәселелерді кең қамтуымен және оларды байыпты шешуімен ерекшеленді. Оның еңбегінің бастысы 1947 жылы Алматыда орыс тілінде жарық көрген XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан атты монографиясы болды. Осы тақырыпта 1946 жылы Мәскеуде тарих мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғаған.
Асыра сілтеу, бұрмалау жөне күдікшілдік бел алған осы тұста бұл еңбекке пікір айтушылардың кейбіреулері оны Кенесары Қасымұлы бастаған қозғалыстың тарихын ақтау тұрғысынан көрсеткен еңбек деп бағалап, оны буржуазияшыл-ұлтшыл идеологияны дәріптеуші деген саяси күнәға ұшыратты. Е.Бекмаханов еңбегіне байланысты пікірталастар 1947 жылдың екінші жартысында күшейе түсті. Ермахан Бекмаханов бірақ айтқанынан қайтпады. Халқы үшін жан аямай күрескен Кенесары Қасымовтың батыр екенін дәлелдеген, оның кітабын да, өзін де қызыл империя аямай жазалады. 1947- 1950 жылдарда Е.Бекмахановтың күйі өте ауыр болды, күн өткен сайын оған тиген моральдық соққының салмағы арта берді. Ермұхан Бекмахановты қаралау кампаниясы Тілеуқажы Жанайұлы Шойынбаев, Хадиша Гилимқызы Айдарова және А.Ф. Якунинің қол қойған КСРО-ның басты газеті - Правда газетіндегі 1951 мақаладан басталады. 1951 жылы университеттегі жұмысынан қуылып, партия қатарынан шығарылды.
Ол біраз уақыт Алматы облысы, Нарынқол ауданында мектепте тарих пәнінен сабақ берді, көп кешікпей Жамбыл облысы, Шу ауданындағы Новотроицк селосындағы мектепке мұғалім болып орналасты. Осы жерде 1952 жылы 5 қыркүйекте тұтқындалды. Екі айға жуық тергеу жұмыстары жүргізіліп, 1952 жылдың 3 қарашасында № 699 іс бойынша Е. Бекмахановты айыптау қорытындысы дайын болды.
Жоғарыдағы айыптау негізінде 1952 жылы 2 желтоқсан күні Қазақ КСР Жоғарғы Сотының Қылмысты істер жөніндегі коллегиясының үкімімен Е. Бекмаханов 25 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылып, ГУЛАГ-тың алыстағы лагерінің біріне айдалды.
Ол кісінің лагерьден тиісті органдарға жазған көптеген арыздарының нәтижесінде, академик, қоғам қайраткері Анна Михайловна Панкратова сияқты қайырымды адамдардың көмегінің арқасында Берия атылғаннан кейін Е. Бекмахановтың ісі қайта қаралып, 1954 жылы 16 ақпанда оның ісі жабылып, өзі ақталып шықты.
Е.Бекмаханов өзінің жемісті еңбегіне сай ғылым мен қоғамдағы орнын қайтадан алды. Оған университеттегі өзі ұйымдастырған кафедрасы қайтарылып берілді. 1964 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының мүше-корреспонденті болып сайланды. Өмірінің соңғы он жылында өнімді еңбек етіп, терең мазмұнды ғылыми шығармалар жазды, орта мектептер үшін Қазақ КСР тарихының оқулығын жазды. Бірнеше жас ғалымдарды даярлауда ат салысты. Шәкірттері бүгінде Республика Ғылым академиясының мүшесі, ғылым докторы, профессор дәрежелеріне жетіп, ұстаздарының ғылыми өмірін жалғастыруда.
Ермахан Бекмаханов жөнінде Халық қаһарманы, академик Шапық Шөкин былайша еске алған: Ұлтымыздың аса көрнекті тарихшысы Ермахан Бекмаханов уақыт бедеріне бағынбаған, шыншыл ғалым болатын. Ол докторлығын екі рет қорғады. Еңбегінің нашарлығынан емес, тыйым салынған Кенесары тақырыбына жазылғандықтан. 1947 жылы Қазан төңкерісінің 30 жылдығына байланысты Одақтық Академия бойынша үлкен салтанатты кеңес өтуі керек болатын. КСРО ҒА-ның басшысы Вавилов Сәтбаевқа телефон соғып, Қазақстан тарапынан баяндама жасайтын адамды айтуды сұрайды. Қаныш Бекмахановты ұсынады. Жиналыста қағазсыз сөйлеген жас баяндамашыға ғалымдар таң-тамаша болады.
Әдебиеттер тізімі:
1.Бекмаханов Е. История Казахской ССР: учебное пособие для 7-8 класса. - Алматы: Мектеп, 1969. - 78 с.
2.Бекмаханов Е. История Казахской ССР: учебное пособие для 9-10 класса. - 6-е изд.- Алматы: Мектеп, 1968. - 112 с.
3.Бекмаханов Е. Қазақстан Х1Х ғасырдың 20-40. - Алматы: Санат, 1994. - 416 б.
4.Бекмаханов Е. Очерки истории Казахстана XIX в: пособие для учителей. - Алма-Ата: Мектеп, 1966. - 190 с.
5.Бекмаханов Е Б. История Казахской ССР: учебное пособие для 9-10 классов. - 18-е изд.- Алматы: Мектеп,1980. - 128 с.
6.Бекмаханов Е. История Казахской ССР: учебное пособие. - Алма-Ата: Мектеп, 1985. - 125 с.
7.Бекмаханов Е. Казахстан в 20-40-е годы ХІХ века: учебник. - Алматы: Казак университет, 1992. - 400 с.
8.Бекмаханов Е. Қазақстан Х1Х ғасырдың 20-40 жылдарында. - Алматы: Санат, 1994. - 416 б.