Шөкин Шапық Шөкіұлы

1912 жылы 1 қазанда Павлодар облысы Баянауыл ауданында дүниеге келген.

Ғылыми дәрежесі: техника ғылымдарының докторы

Білімі: 1930 жылы Қарқаралы педагогика техникумын бітірді. 1931 – 1933 жылдары Орта Азия инженерлер және ирригация техниктерінің институтында оқыды (Ташкент қаласы). 1934 жылы С.М. Киров атындағы Омбы ауылшаруашылық институтының гидромелиоративті факультетіне түсіп, 1937 жылы бітірді.

Шөкин Шапық Шөкіұлы – көрнекті қазақ энергетигі, Қазақстан Республикасы ғылым академиясының академигі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Қазақстанда энергетика ғылымының негізін салушы. 1964 – 1967 жылдары Қазақстан Ғылым академиясының президенті. Қазақ энергетика ғылыми – зерттеу институтының негізін салушы және тұңғыш директоры. ҚазКСР ҒА академигі (1954), техника ғылымдарының докторы (1954), профессор (1956), Қазақстанның Халық қаһарманы (1996). Қазақстанның энергетика саласындағы ірі жобалардың авторы және бастаушысы, академик Қ.И. Сәтбаевтың серіктестерінің бірі.

Шапық Шөкин 8 балалы кедей отбасыда кенже болып дүниеге келген: төрт ағасы мен 3 апасы болған. Орта жүздің Сүйіндік Айдабол руынан. Әкесі, Шоқы Баймағамбетов, отбасындағы төмен материалдық жағдайға қарамай, білім алудың маңыздылығын түсіне отырып, ұлын ұлы Ырзаны оқуға жібереді. Нәтижесінде әкесі 1918 жылы қайтыс болғаннан кейін отбасына көмек көрсетеді.

1937 жылы Омбының С. М. Киров атындағы ауыл шаруашылық институтын бітіріп, Қазақ КСР ауыл шаруашылық электрлендіру мекемесінде бөлім бастығы, бас инженер (1937– 43), Қазақ КСР ҒА энергетика бөлімінің меңгерушісі (1943-44), Қазақ КСР ҒА-ның энергетика институтының директоры (1944–63) әрі академик – секретарь (1955-62), Қазақ КСР ҒА-ның президенті (1964–67) және президиум мүшесі (1955–68) қызметтерін атқарды. 1963 жылдан бері Қазақ энергетикалық ғылыми-зерттеу институтының директоры.

Ш. Шөкин – Г. М. Кржижановскийдің шәкірті. Ол 1944-50 жылдары Іле өзенінің суы мен энергетика қорын комплексті түрде пайдалану мәселесін шама тұрғыдан зерттеді, сөйтіп, Қапшағай бөгені мен Қапшағай су электр станциясын салу ісіне үлкен үлес қосты. 1949-58 жылдары Орталық Қазақстанды сумен қамтамасыз ету мәселесімен Ертіс өзенін бұру негізінде шешуге болатындығын дәлелдеді. Мұның өзі Ертіс-Қарағанды каналының салынуына себеп болды. Ш. Шөкин – Сібір өзендерін Қазақстан мен Орта Азияға бұру мәселесін ғылыми тұрғыда қарастырған алғашқы ғалымдардың бірі. Оның басшылығымен осы мәселені шешудің тиімді жолдары мен жобалары айқындалды. Ш. Шөкин – 170-тен астам ғылыми еңбектің авторы. Негізгі еңбектері энергетика және су шаруашылығының болашақ дамуы мен отындық энергетиканың, баланс проблемасына т. б. арналған. Ол Белград (1957), Бангкок (1961), Будапешт (1965), Мәскеу (1968) және Парижде (1971) өткен халықаралық конференциялар мен симпозиумдарға қатысып, онда Қазақстанның энергетикасы мен су шаруашылығының дамуының бүгінгісі мен келешегі туралы баяндамалар жасады. Ш. Шөкин – КСРО ҒА-ның комплексті энергетика және су қорларын пайдалану мен қорғау жөніндегі ғылыми кеңестердің мүшесі.

Республикалық энергетика және электротехника ғылыми қоғамы председателінің орынбасары Қаз КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1972) сайланған, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстан Компартиясының ХІІ-съезінде Қазақстан КП ОК мүшесі болып сайланды. Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен марапатталған.

Әдебиеттер тізімі:

1.Чокин Ш.Ч. Управление нагрузкой электроэнергосистем (технико-экономические вопросы). - Алматы: Наука, 1985. - 288 с.
2.Чокин Ш.Ч. Энергетика и водное хозяйство Казахстана (научно-технический прогноз). - Алматы: Казахстан, 1975. - 304 с.
3.Чокин Ш.Ч. Энергетика сельского хозяйства. - Алматы: Кайнар, 1988. - 241 с.
4.Чокин Ш.Ч. Реки Сибири потекут в Казахстан и Среднюю Азию. - Алма-Ата: Знание, 1974. - 20 с.
5.Чокин Ш.Ч. Казахстан на пути сплошной. - Алма-Ата: Респ.изд-во, 1960. - 60 с.
6.Чокин Ш.Ч. Путь национальной академии наук: воспоминания и размышления. - Алматы: Ғылым, 1996. - 256 с.
7.Чокин Ш. Четыре времени года: воспоминания и размышления. - Алма-Ата: Балауса, 1992. - 336 с.
8.Чокин Ш. Четыре времени жизни: Воспоминания и размышления / Чокин Шафик. - 2-е изд.,доп. - Алматы: Білім, 1998.- 432 с.