Сағындықұлы Бекен

1965 жылы 15 маусымда Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданына қарасты Тассай ауылында дүниеге келді.

Ғылыми дәрежесі: филология ғылымдарының докторы

Білімі: 1987-1992 жылдары – Н.К.Крупская атындағы Семей педагогикалық институтының филология факультеті.

Сағындықұлы Бекен – филология ғылымдарының докторы (2005), профессор (2007), Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті жанындағы филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д. 14.61.27 - диссертациялық кеңестің мүшесі. Білім беру жүйесін дамытуға қосқан зор үлесі үшін ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан Мақтау қағазы (2001), Құрмет грамотасы (2005) және «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төс белгісімен (2007) марапатталған. Ғалым Абай атындағы стипендия (1994-1997) мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің талантты жас ғалымдар үшін тағайындалатын мемлекеттік ғылыми стипендия (2001-2003) иегері болып, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік гранты мен Павлодар облысы әкімінің сыйлығын алған (2006). Павлодар облысы әкімі мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің Алғыс хатымен марапатталған.

Сағындықұлы Бекен – 200-ге тарта еңбектің, оның ішінде 2 монография, 1 оқулық, 5 оқу құралы, 3 оқу-әдістемелік құрал, 64 ғылыми, 35 публицистикалық мақаланың авторы. Сондай-ақ, 6 ғылыми дәреже алу үшін дайындалған диссертацияға ресми оппонент ретінде, 70-ке тарта авторефераттық жұмысқа жеке тұлға ретінде пікір білдірген. Қазақ елінің тәуелсіздік алғаннан кейін жарық көрген «Қазақ тілі. Энциклопедия» (1998) мен «Қазақстан ұлттық энциклопедиясына» энциклопедиялық мақалалар жазып, алғашқы «Қазақ грамматикасы» атты академиялық еңбек авторларының бірі болды (2002).

Филология ғылымдарының докторы, профессор Сағындықұлы Бекен ғылыми-әдістемелік еңбектерді сарапшы ретінде бағалаған. Атап айтқанда, «Қазақ тіл білімінің өзекті мәселелері» (Алматы, 1998) еңбегіне жауапты хатшы, Ы.Шақаман «Демеулік шылаулардың функционалды сипаты» (Павлодар, 2001) мен Ж.Сарбалаевтың «Сөзжасам мәселелері» (Алматы, 2002) оқу құралдарына жауапты редактор болса, Е.Арын, Б.Қасым, Е.Жұматаева «Қазақ тілін оқытудың әдістемесі» (Павлодар, 2005) атты экономика мамандығына арналған оқулық пен «Қазақ тілінің теориясы мен әдістемесі мәселелері» (Семей, 2009) ғылыми жинағында редакция алқа мүшесі болды. Ғалым аймақтағы әкімдік және жоғары оқу орындарының бастамасымен өтетін халықаралық, республикалық ғылыми-практикалық конференцияларын ұйымдастыруға белсене араласып, секциялық жұмыстарына төраға, тең төрағалық қызмет атқарған.

Сағындықұлы Бекен 1965 жылы маусым айының 15 жарығында Семей облысы (қазір ШҚО), Көкпекті ауданы, Большевик ауылында (қазір Тассай) дүниеге келді. Он жылдық орта мектепті 1982 жылы аяқтаған ол әскер қатарына шақырылғанға дейін туған ауылында түрлі жұмыстар атқарды. 1983-1985 жылдары Украина, Молдавия елдерінде әскери борышын өтеді. 1986-1987 жылдары туған елінде ауылшаруашылық жұмыстарына араласты. 1987 жылдың күзінде Семей педагогика институтына оқуға түсіп, оны 1992 жылы қазақ тілі және әдебиеті мамандығы бойынша тәмамдады. Балалық шағы мен студенттік өмірі аттары әлемге әйгілі ұлы тұлғалар Абай, Шәкәрім, Мұхтардың елі, қазақтың қаймағы бұзылмаған мекен – Семей жерінде өтті. Болашақ ғалымның мінезі мен дүниеге көзқарасы, өмірлік ұстанымы мен өлең жазуға деген қабілеті де осы жерде қалыптасты. Студенттік шағында да үздік оқу мен институттың қоғамдық өміріне белсене араласуымен көзге түсті. Ғалымның алғырлығы, терең ойлылығы институт ішілік, облыстық білім сайыстарында ғана емес, сондай-ақ облыс атынан қатысқан республикалық олимпиадаларда, ғылыми-зерттеу жұмысын қорғауда да көрінді. Оның нәтижесі – жүлделі орындар.

Ізденушінің «Қазіргі қазақ тіліндегі аралас құрмалас сөйлемдер» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясы 1935 жылы біртуар азамат, академик С.Аманжолов тарапынан көтеріліп, 1974 жылдары тек қана мақалалық деңгейде қозғалған (Н.Базарбаев, О.Төлегенов). «Аралас құрмалас сөйлем жайында оқулықтарда берілген азын-аулақ мағлұматтардан басқа, күні бүгінге дейін ешбір зерттеу жұмыстары жүргізілмеген» (Қ.Есенов) сөйлем түрінің ғылыми негізін Сағындықұлы Бекен орнықтыра алды. Бұл мәселеге байланысты ол Алматы, Астана, Көкшетау, Семей, Павлодар қалаларында өткен халықаралық, республикалық, аймақтық ғылыми-практикалық, ғылыми-теориялық конференцияларда баяндап, республикалық таратылымдағы ғылыми-әдістемелік журнал беттерінде мақалалар жариялады. Жан-жақты талмай ізденіс нәтижесінде кандидаттық диссертация Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті жанындағы диссертациялық кеңесте мезгілінен бұрын қорғалды (1997).

Диссертацияда екі-үш бетпен тиянақталып келген құрмалас түрі жан-жақты сипатталып, аралас құрмалас сөйлем теориясы жайындағы ой-тұжырымдар ғылыми айналымға енді. Сөйлем түріне қатысты аралас байланыс, көп басыңқылы сабақтас, аралас құрмалас сөйлем жайлы пікірлері «Қазақ тілі энциклопедиясы» мен «Қазақстан ұлттық энциклопедиясында» басылып, көп компонентті аралас құрмалас сөйлемдер, көп бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлемдер, көп сыңарлы салалас құрмалас сөйлемдер жөніндегі ғылыми тұжырымдары үшінші рет басылым көрген «Қазақ грамматикасы» атты академиялық еңбектен орын алды.

Сағындықұлы Бекен докторлық диссертациясын да мезгілінен бұрын дайындады. Ол 2002-2004 жылдары аға ғылыми қызметкерлікке шығып, 2003 жылдың мамыр айында-ақ жұмыс қолжазбасын алдын ала талқылауға өткізді. Бірақ белгілі бір себептермен филология ғылымдарының докторы, профессор Т.Сайрамбаевтың ғылыми кеңесшілігіндегі «Тең дәрежелік қатынастағы тілдік бірліктер» атты докторлық диссертация 2004 жылы 07 сәуірде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жанындағы филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д 14.01.23 - диссертациялық кеңес мәжілісінде қорғаудан өтті. Диссертация тіл білімінің салаларындағы тең дәрежелікті айқындайды. Ғалым синтаксистік салаласуды тілдің дыбыс, сөз және құрылым жүйесінен іздейді.

Қазіргі кезде зерделі ой, қанатты қабілет иесі қазақ тілінің дыбыс жүйесі, емле, лексикология, морфология, сөзжасам, синтаксис салалары, әдеби тіл мәселелері мен тілді оқыту әдістемесі бағытында қалам тартып, ғылыми зерттеу жұмысын жүргізуде. Ғылыми бағыт-бағдар, ақыл-кеңес беріп, ізбасар шәкірттер даярлауда. Ғалымның жетекшілігімен бір кандидаттық диссертация қорғалып, үшеуі алдын-ала қорғаудан өтті. Онға жуық магистрант-аспирант, ізденушілер ғылыми зерттеу жұмыстарымен шұғылдануда. Ғалым бес кандидаттық, бір докторлық жұмысқа ресми оппонент ретінде баға беріп, жетпіске жуық диссертацияға, бірнеше оқу құралдары мен ғылыми-танымдық кітаптарға пікір білдірген.

Сағындықұлы Бекеннің еңбегі зая кеткен жоқ. Министрлік тарапынан, жергілікті әкімдік, оқу орындары тарапынан бағаланып отырды. Мәселен, 2005 жылдың сәуір айында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғылыми кеңесі (№7-хаттама) және Павлодар университетінің ғылыми кеңесі (№8-хаттама) өз шешімдерімен академиялық профессор атағын, ал 2007 жыл 28 маусымда Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитеті бекітуімен Тіл білімі профессоры ғылыми атағы берілді. Білім және ғылым министрлігі Мақтау қағазы, Құрмет грамотасы, Қазақстан ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін медалімен марапаттаса, Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Павлодар облысының әкімі Алғыс білдірді. Ғалымның өзі де талмай ізденуінің нәтижесінде Абай атындағы стипендия, жас талапты ғалым стипендиясының иегері болып, Облыс әкімінің сыйлығын, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантын жеңіп алды.

Сағындықұлы Бекен – ұлағатты ұстаз, ірі ғалым және қабілетті басқарушы. Ол жоғары оқу орнында сатылай өсу жолын өткерді. Ассистенттіктен бастап, оқытушы, аға оқытушы, доцент, профессор лауазымында жұмыс істеді. Замандастарының алды болып кандидаттық, докторлық диссертация қорғады, замандастарының алды болып доцент, профессор ғылыми атағын иеленді. Оның басқарушылық қабілеті де ерекше. Ол ең алғаш рет бастауыш сынып факультетінде қазақ тілі секциясын ашып, оның меңгерушісі қызметін атқарды. Кейін Инновациялық Еуразия университеті қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі, Павлодар мемлекеттік педагогика институты филология факультетінің деканы болды.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Сағындықұлы Бекен – тіл жанашыры, тіл тағдырына араласар айтулы азамат. Ол мемлекеттік тіл мәселесін облыстық алқа мәжілістерінде, ономастикалық мәжілістерде көтеріп, шенеуніктердің құзырына ұсынып отырады. Ол мемлекеттік тіл мәселесін ғұлама ғалым-жазушылардың есімдерімен байланыстырып елге танытады. Бұған оның «Әуезов – әлемге танылған тұлға», «Қазақ тіл біліміндегі І.Кеңесбаев тұлғасы», «Тіл ғылымын таратқан ғалым» (Н.Оралбай тағылымы жайлы), «Тілдік таным табиғаты» (А.Салқынбай еңбегі жайында), «Ономастика және О.Сұлтаньяевтік сипат» сияқты баяндамалары мен мақалалары дәлел.

Сағындықұлы Бекен – Павлодар мемлекеттік педагогика университеті жанынан құрылған ғылыми-техникалық кеңестің мүшесі, Тілдерді дамыту басқармасында мемлекеттік органдардағы, қала және аудан әкімі аппараттарындағы тіл мәселелерін қадағалайтын сараптау комиссиясының төрағасы, облыстық ономастика комиссиясының мүшесі. «Ертіс дарыны» аймақтық ғылыми-тәжірибелік орталығы ұйымдастыруымен Павлодар облысы мектептерінің оқушылары арасында жыл сайын өткізілетін олимпиада мен ғылыми жобалар сайысының төрағасы. Ғалымның алдына қойған мақсаты да зор. Ол, ең алдымен, «Қазақ тілі синтаксисінің тереңдетілген курсы» атты үш томдық оқу құралы мен «Қазақ тіліндегі паратаксистік құбылыс» сияқты монографиялық еңбектер дайындау мен тіл біліміндегі тұлғатану мәселесін барынша таныту кезегі келген келелі мәселелер деп санайды.

Әдебиеттер тізімі:

1.Сағындықұлы Б. Аралас құрмалас сөйлем.- Алматы: Қазақстан энциклопедиясы, 1998.- 411 б.
2.Сағындықұлы Б. Ауыспалы мағына: сөздік - оқулық.- Алматы: Қазақстан энциклопедиясы, 1998.- 559 б.
3.Сағындықұлы Б. Қазіргі қазақ тіліндегі аралас құрмалас сөйлемнің құрылымдық ерекшеліктері: оқу құралы. – Алматы: Абай атындағы АлМУ, 1998. – 40 б.
4.Сағындықұлы Б. Қазіргі қазақ тіліндегі аралас құрмалас сөйлемнің құрам бірліктері: оқу құралы / Б.Сағындықұлы. – Павлодар: С.Торайғыров атындағы ПМУ, 1999. – 44 б.
5.Сағындықұлы Б. Құрмалас (аралас) сөйлемнің теориялық негіздері: монография.- Павлодар, 2002.- 198 б.
6.Сағындықұлы Б., Шақаман Ы.Б. Қазақ тілі. Гуманитарлық және педагогтік бағыттағы оқу орнына арналған бағдарлама мен жазба жұмыстарының орындалуына әдістемелік нұсқау.– Павлодар: «ЭКО» ҒОФ, 2002. – 67 б.
7.Мәдениеттану негіздері: оқулық / Б.Ж.Кокумбаева, Б.Сағындықұлы, Л.А.Кокумбаева. – Павлодар: «ЭКО» ҒОФ, 2002. – 145 б.
8.Сағындықұлы Б. Құрмалас сөйлем түрлерінің теориялық негіздері: монография. – Павлодар: «ЭКО» ҒОФ, 2003. – 196 б.
9.Сағындықұлы Б. Құрмалас (аралас) сөйлемнің теориялық негіздері: Монография.- Павлодар, 2006.- 198 б.
10.Мәдениеттану негіздері: оқулық / Б.Ж.Кокумбаева, Б.Сағындықұлы, Л.А.Кокумбаева. – Павлодар: «ЭКО» ҒОФ, 2006. – 145 б.
11.Сайрамбаев Т., Сағындықұлы Б. Құрмалас сөйлемдер жүйесі: оқу құралы /. – Алматы: «Қазақ университеті», 2007. – 120 б.
12.Сағындықұлы Б. Синтаксиске кіріспе: оқу құралы. – Павлодар: ПМПИ баспасы, 2008. – 58 б.
13.Сайрамбаев Т., Сағындықұлы Б. Синтаксис мәселелері: оқу құралы. – Алматы: «Қазақ университеті», 2008. – 120 б.
14.Ғылыми-зерттеу негіздері: курсы бағдарламасы және әдістемелік құрал / Б.Сағындықұлы, Н.Қ. Нұртаева. – Павлодар: ПМПИ баспасы, 2009. –30 б.
15.Сағындықұлы Б. Қазақ тілі: тағылым мен таным.- Кереку-Новосібір: Талер-Пресс, 2006.- 383 б.
16.Сағындықұлы Б. Мемлекеттік тіл мәселелері. Баяндама тезистері мен пікірлер желісі. – Павлодар: ПМПИ баспасы, 2010. – 171 б.
17.Сағындықұлы Б. Қазақ синтаксисінің мәселелері. Ғылыми мақалалар жинағы. – Павлодар. - ПМПИ баспасы, 2010. – 265 б.
18.Сағындықұлы Б. Мемлекеттік тіл мәселелері (Баяндама тезистері мен пікірлер желісі): 2- бас. 1 кітап.- Павлодар: ПМПИ, 2015.- 173 бет.
19.Сағындықұлы Б. Мемлекеттік тіл мәселелері (Баяндама тезистері мен пікірлер желісі): 2- бас. 2 кітап.- Павлодар: ПМПИ, 2015.- 173 бет.

***

1.Сағындықұлы Б. Аффикстер жайында // Қазақ тілі мен әдебиеті. – 1994.- № 5-6. – 128-130 б.
2.Сағындықұлы Б. Құрмалас сөйлемнің құрылыстық ерекшеліктері // Сарыарқа самалы. – 1994. – № 34.- 3 б.
3.Сағындықұлы Б. Абай ғақлияларындағы көп компонентті құрмалас сөйлемдер / Б.Сағындықұлы // Қазақ тілі мен әдебиеті. – 1995.- № 10. – 116-122 б.
4.Сағындықұлы Б. Қазақ филологиясының қайраткері // Өлкетану. – Павлодар, 2003.- № 4. – 121-139 б.
5.Сағындықұлы Б. Жаны жайсаң, жақсы аға!: (Еске алу) // Сарыарқа самалы.- 2015. - 31 наурыз. - 4 б.
6.Сағындықұлы Б. Шаяхметов – мемлекет қайраткері: («VI Шаяхметов оқуларына» орай әзірленген баяндама) // Сарыарқа самалы. - 2015. - 26 ақпан. - 16 б.
7.Сағындықұлы Б. Жыршылыққа сауға: [Абайтанушы, жыршы Даниял Әсенов жайлы] // Қазақ әдебиеті.- 2017. - 14 - 20 сәуір. - 30 б.
8.Сағындықұлы Б. «Байғыз»: («Алқоңыр дүние» мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығарма // Сарыарқа самалы.- 2018. - 28 шілде. - 8 б.