Сүтжанов Сейфитден Назымбекұлы

1950 жылы Павлодар қаласында дүниеге келген.

Ғылыми дәрежесі: филология ғылымдарының докторы

Білімі: 1968-1974 жж. әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ филология факультеті.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Сүтжанов Сейфитден Назымбекұлы 1950 жылы Павлодар қаласында туған. 1968 жылы Павлодар қаласындағы Абай атындағы №10 қазақ орта мектебін бітірген. 1968 жылы әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-ға филология факультетіне түсіп, 1974 жылы оны бітірген соң, ҚР Мемлекеттік кітап палатасында әуелі библиограф, сосын аға редакторы болып жұмыс істеген. Сөйтіп 15 жылын кітап ісі мен ақпарат – библиография саласына арнаған. 1989-1992 жылдары еңбек жолын ҰҒА-ның М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында кіші ғылыми қызметкер ретінде жалғастырған.

1992-1998 жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында қазақ әдебиеті кафедрасында аға оқытушы болып қызмет атқарған.

1994 жылдың ақпан айында 10.01.02 - қазақ әдебиетінің тарихы мамандығы бойынша «М.-Ж. Көпеевтің әдеби мұрасы» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің Ғылыми Кеңесінің шешімімен филология ғылымдарының кандидаты деген атқа ие болды.

1998 жылы Павлодар университетіне ауысып, «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасында педагогтік қызметті әрі қарай жалғастырған.

2000 жылдың қыркүйек айынан бастап 2004 жылға дейін С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің қазақ филологиясы кафедрасында доцент, аға ғылыми қызметкер болып қызмет атқарған.

2004 жылы ПМПИ (қазіргі ПМПУ) қайта жеке институт статусын алған соң, ол аға ғылыми қызметкер, 2007 жылғы тамызға дейін – «Қазақ әдебиеті кафедрасының» меңгерушісі, ал 2007 жылғы қыркүйектен сырттай – қысқартылған білім беру формасы факультетінің деканы болды.

Аталған жоғары оқу орындарында жұмыс істей жүріп, ол «Ежелгі дәуір әдебиеті», «Хандық дәуір әдебиеті», «XIX ғасыр әдебиеті», «Абайтану» пәндерінен дәрістер беріп, тәжірибелік сабақтар жүргізді. Қазіргі таңда оқу үрдісінің кредиттік технология жүйесі бойынша «Абай тағылымы: қазақ поэзиясындағы дәстүр жалғастығы», «Қазақ және түркі халықтары әдебиетінің типологиялық сипаты», «Қазақ – түркі фольклор байланыстары» пәндері бойынша оқу-әдістемелік кешендер әзірледі. Сабақ барысында осы заманғы педагогикалық әдіс-тәсілдер, жаңа информациялық технология жаңалықтары, жаңа оқулықтар мен әдістемелік құралдары үнемі қолданылады. С.Н. Сүтжановтың «М.-Ж. Көпеевтің шығармашылық өмірбаяны» деген әдістемелік нұсқауы, «Мәшһүр мұрасы» атты оқу құралы және «Рухани алмасу арналары» монографиясы жарық көрді. Сондай-ақ, «XX ғасыр басындағы қазақ және түркі халықтары әдебиетінің типологиялық сипаты» атты докторлық диссертациясы негізінде 40 - тан астам ғылыми мақалалары халықаралық және республикалық газет-журнал басылымдарында шықты. Аталған докторлық диссертациясы ҚР Білім және ғылым министрлігі М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтындағы филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д 53.34.01 Диссертациялық Кеңестің мәжілісінде қорғалды.

Төл әдебиетімізде ешкімге ұқсамайтын өз шығармашылық беті, өзіндік көркем стилі, өзгеше суреткерлік болмыс-бітімі бар көркем сөз шебері Сейфитден Сүтжановтың 2006 жылы жарық көрген «Қазақ-түркі әдеби байланыстары» атты монографиясында қазақ пен түркі халықтарының XX ғасыр басындағы рухани алмасулары белгілі бір аспектіде қарастырылған. Ғылыми еңбекте әдеби байланыс арналары көрсетіліп, түркі ұлыстарын бірігуге бастаған ұлт зиялыларының, сөз зергерлерінің өлшеусіз еңбектері әспеттеледі. Сондай-ақ мұсылман жұртшылығының тұтасуында діни-исламның айрықша рөл атқарғаны да сөз болады.

Қазақстан егемендік алғаннан бергі тұста аталған тақырыптың көкейкестілігі мемлекет саясатымен, ұлттық мүддемен үйлесім тапқаны сөзсіз. Осыған орайда туындаған әдеби, тарихи зерттеулерде түгел түркіге тән ортақ қазына әдеби-мәдени мұра, ескерткіштерден бастап кеңестік дәуірге дейінгі кезеңдер қамтылып, ой-пікірлер сараланған.

Диссертациялық жұмыстың мақсаты - XX ғасыр басындағы қазақ және басқа түркі халықтары әдеби байланыстарының дамуы мен бағыт-бағдарларын айқындау және алмасу тұрғысында байқалған жекелеген қаламгерлер шығармашылықтарындағы әсер-ықпал көріністерін бағамдау, сөйтіп төл сөз өнеріміздің тақырыптық, жанрлық және көркемдік деңгейін анықтау.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы қазақ және түркі халықтарының әдеби байланыстары негізде қазақ, түрік, татар, башқұрт, өзбек, қырғыз және т.б. қаламгерлердің шығармашылықтарын тұтас салыстыра қарастырып, олардың үндестігін, үйлесімін жан-жақты әрі терең ғылыми талдау жасауға ниеттенген докторлық диссертация дәрежесіндегі алғашқы еңбек болып табылады.

Сейфитден Назымбекұлы студенттердің және магистранттардың дипломдық, ғылыми-зерттеу жұмыстарына жетекшілік етеді. Сонымен қатар, филология ғылымын дамыту барысында ізденушілер және аспиранттармен жұмыс жасайды, ол бес кандидаттық диссертацияға оппонент, бір кандидаттық диссертацияның ғылыми жетекшісі болды. С.Н. Сүтжанов қазақ филологиясы ғылымының дамуына ат салысып келеді. Баспадан және де газет – журналдардың бетінде шыққан мақалаларының саны – 80-нен астам. Сонымен қатар, ол – 2 монография, 2 оқу құралы, 1 әдістемелік нұсқау, 1 дәрістер жинағының авторы. С.Н.Сүтжановтың білім саласына қосқан үлесі үшін 2005 жылы Павлодар облысы әкімінің «Құрмет» грамотасымен марапатталды, 2007 жылы ҚР БҒМ-нің «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» омырау белгісін иемденді. 2008 жылдың 2 ақпанында ҚР БҒМ – нің шешімімен 2007 жылдың «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грант иегері атанды.

Сейфитден Сүтжановтың әріптестері мен шәкірттері оның ұйымдастырушылық қабілетін, ғылыми алғырлығын, тұлғалық парасаттылығын, ұстаздық ұлағаттығын, жеке қатынастағы адамгершілігін ерекше бағалайды.

Әлеуметтік жағдайына келетін болсақ: үйленген, екі қызы және бір ұлы бар.

Әдебиеттер тізімі:

1.Сүтжанов С.Н. Қазақ – түркі әдеби байланыстары: монография. - Павлодар: ПМПИ, 2005.- 204 б.
2.Сүтжанов С.Н. М.-Ж.Көпейұлының шығармашылық өмірбаяны: әдістемелік нұсқау. – Алматы, 1994.- 76 б.
3.Сүтжанов С.Н. Мәшһүр мұрасы: оқу құралы. – Павлодар, 2001.- 104 б.
4.Сүтжанов С.Н. Мәшһүртану курсы: дәрістер жинағы.- Павлодар: ПМПИ, 2005.- 92 б.
5.Павлодар Ертіс өңірінің өнеркәсіпті орындары: оқу құралы. - Павлодар: ПМПИ, 2005.- 60 б.
6.Сүтжанов С.Н. Рухани алмасу арналары: монография. – Павлодар, 2003.- 186 б.

***

1.Сүтжанов С.Н. Халық шежіресінің қамқоршысы // Өмір-Жизнь. - 1993. - №1.- 24-26 б.
2.Сүтжанов С.Н. М.-Ж.Көпеев – публицист // Гуманитарлық ғылымдар Академиясының хабаршысы. - 1999. - №1(3). - 7- 10 б.
3.Сүтжанов С.Н. Ұрпаққа үлгі: мақала // Қазақ тілі мен әдебиеті. - 2000. - № 1. - 33-34 б.
4.Сүтжанов С.Н. Ислам әлемінің әсері // ПМУ Хабаршысы. -2002. - №3. - 148 - 154 б.
5.Сүтжанов С.Н. Воздействие традиций и символов ислама на восточную литературу // Вестник Омского государственного университета. - 2003. - №3. - С.81- 82
6.Сүтжанов С.Н. «Ұлттық зиялы» деп...» // Ақиқат. - 2004. - №2.- 94 - 96 б.
7.Сүтжанов С.Н. Діни тұтастық // Ұлағат. - 2005. - №2. - 55 - 63 б.